Сауытбек 25 жасында Ақбөпе деген қызға ғашық болып, үйленбек болады. Бірақ сол елдің болысы Ноғайбай қызды өзінің баласына әпермек болады. Ақбөпе болыстың ерке өскен, есерлеу баласына да, байлығына да қызықпайды. Сауытбекті ұнатады. Ол ақын, әрі әрі әнші, шешен тілді жігіт екен. Атастырылған күйеуінің келуіне он бес күн қалғанда, «Тезірек келіп, осы азаптан мені құтқарыңыз!» – деп, Ақбөпе Сауытбекке өтініш білдіреді. Сауытбек уәделі күннен кешігіп келеді. Бұған дейін Ноғайбайдың ұлы көп нөкермен келіп, Ақбөпені күшпен алып кеткен еді. Сауытбек Бүркітбай дегеннің белдеуде байланып тұрған жүйрігін міне салып, әлгілердің соңынан қуады. Намаздыгер, намазшамның арасында Қордай тауының «Ұлан» деген тармағындағы бір ауылда Ақбөпені қуып жетеді. Шеткерек бір үйге түсіп, үй иесі қариямен жөн сұрасып, өзінің оқиғасын айтады. Сауытбек қызбен кездесіп, тілдескенімен, болыстың қаһарынан қорқады. Сөйтіп, екі жас бір-біріне қосыла алмай, еріксіз қоштасады.
Айтушысы: Б. Бектұрғанұлы
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (309-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 22: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Асылбек, Қасымбек атты балалар бірге өсіп ержетеді. Асылбек білім алып, даңқы бүкіл елге мәлім болса, ал Қасымбек надан, зәлім болып өседі. Бірде Асылбек көп малмен сауда жасап Шам шаһарына аттанады. Араға екі жеті салып Ахмет деген байдың еліне жетеді. Асылбек Ахмет байдың әрі оқыған, әрі сұлу қызы Гүлжиһанның даңқын естіп ғашық болып қалады. Гүлжиһан да Асылбекті ұнатып, бір-бірімен хат арқылы хабарласып тұрады. Мұны естіген Асылбектің әкесі қуанып, жақындарымен ақылдасып, құда түспек болып жолға шығады. Ол Гүлжиһанды еліне алып келіп, той жасайды. Қыздың сұлулығына қызыққан Қасымбек қастандық жасауды ұйғарады. Бірде Асылбек саудамен сапарға кеткенде, Қасымбек Гүлжиһанның қызметшісі Ажарға оның сақинасын ұрлатып, Құмарша деген жігітті «Гүлжиһанмен көңіл қосты» деп өлтіріп, ал жүзікті сол жігіттен табылды деп жалған жала жабады. Бұған сеніп қалған Асылбек Гүлжиһанды ескексіз қайыққа отырғызып, суға ағызып жібереді. Гүлжиһан көп тауқымет тартады. Ол өзінің сабырлығы, ақылдылығы, адалдығының арқасында қиындықтың бәрін жеңіп, күйеуімен қайта табысып, бақытты өмір сүреді.
Айтушысы: Н. Жүсіпәлиев
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (132-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 21: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Ертеде Қарабай деген бай болады. Оның балалары өле беріп, кейін бәйбішесі тағы бір ұл табады. Ол баласының есімін Бозаман қояды. Ол ерекше ержетіп, он бес жасқа келгенде жар іздеп, ел аралап, өзіне лайықты жар таба алмайды. Бір күні өзіне тән көп жылқыны Тұнық деген көлге айдап келіп суғармақ болады. Жолда жалғыз атты жолаушыға кездесіп, одан қалмақ ханы Бураханның сұлулығы жаннан асқан Ақбілек деген қызы бар екенін естиді. Тағатынан айрылған жігіт ата-анасының айтқанына көнбестен Ақбілекті іздеп жолға шығады. Жолда көп қиыншылықтарды басынан кешіреді. Ақбілектің әкесі Бозаманның барлық шарттарын орындап, қызды қалыңсыз, соғыссыз, сынақсыз алады.
Бозаман ата-анасын, елін сағынып, еліне қарай келе жатады. Жолда түйесін жетелеп жүрген қара күңі оған ғашық болып, қалайда Ақбілектің көзін жоюды ойлайды. Сол қызметші әйел Ақбілекті көлге шомылуға мәжбүрлейді. Ажалдың қармағына іліккен Ақбілек артындағы қалған Тұрлыбегінің амандығын арман етіп, су түбіне бата береді. Сол кезде Бозаманның әкесіне дос болған Қарабай деген адам Ақбілекттің Тұнық көлде қалғанынан хабардар етеді. Бозаман Ақбілекті құтқарып, еліне келіп үлкен той жасайды. Аяр қызметші жазаға тартылады.
Айтушысы: С. Ментаев
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (105-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 19: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Дастанның оқиғалар желісі малға сатылып, сүймеген адамға әйелдікке барған Мәриямның трагедиясын баяндауға құрылған.
Мәриям әке-шешесінен жастай жетім қалып, әкесінің інісі Нұрқанның қолында өседі. Нұрқан мол қалыңмал алып, Сүлеймен деген кісінің жарымжан, ақыл-есі кем баласына Мәриямды ұзатып жібереді. Ол жақта сан қорлық көрген Мәриям еліне қайтып келеді. Ғалым деген жігіт Мәриямға ғашық болып қалады. Бірақ екі жастың бас қослуына көп кедергілер жасалады. Мәриям сүйген жарынан тірідей айрылып, қайғы-қасіретке ұшырап, жүрегі жараланған Мәриям өмірден өтеді.
Айтушысы: М. Ақылбеков
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (341-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 22: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Ертеде Көркенше деген патша мен оның інісі Пархизат бір балаға зар болады. Жасағанға жалбарынып бала тілейді. Бір күні патша қысылып, айы-күні бітіп отырғанын сезіп, уәзір, бектерін жиып: «Балам туып, ержеткенше өз орныма Пархизат патша болсын» деп өсиет айтады. Патша өлгеннен кейін оның орнына отырған Пархизат болашақ мұрагердің көзін жоюды ойлап, Көркеншенің әйелін өлтіруді ұйғарады. Сөйтіп, уәзірлерін шақырып, екіқабат әйелді орманға апарып өлтіріп тастауды бұйырады. Бір уәзір әйелдің өлгеніне қатты күйініп, баланы жерден көтеріп, оның өмір тарихын қағазға жазып, тұмар жасап, білегіне байлап кетеді. Бала шырылдап жылап жатқанда, бір жолбарыс кез келеді. Ол баланы емізіп асырайды. Бағдат шаһарында тұратын Қожа Әсет деген бай саудагер ел аралап жүріп, бір тоғайға кез болады. Сонда жолбарыс мініп жүрген баланы көріп, жолбарыспен алысып, балаға дақ түсірмей ұстап алады. Оны асырап алып, той жасайды. Атын Шерқуат қояды. Оны жеті жасында мектепке береді. Осы кезде Пархизаттың әйелі де босанып, қыз туады. Атын Күлшат қояды. Қыз өте сұлу болып өседі. Қызына қырық нөкер қыз еріп жүреді. Күлшат сұлу аң аулап жүріп Шеризатты кездестіріп қалады. Екеуі бір-біріне ғашық болады. Шеризат Пархизаттан өшін алып, Күлшаттай аруға үйленеді.
Айтушысы: Қ. Майлыбаев
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (621-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 18: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Мысырда Ғабдолла атты жомарт бір бай болады. Ол елу жасқа келгенше бала көрмей Жаратқанға жалбарынып, бір перзент үшін бар малын шашады. Ғабдоланның тілегі қабыл болып, Нұғман атты бір бала көреді. Бала ақылды, жомарт, сұлу болып өседі. Бірде Ғабдолла сауда жасап жүріп, базардан баласына сыйлық алмақшы болады. Лайықты зат таба алмай келе жатса, көп адамдар бір нәрсені қамалап тұрғанын көреді. Бұл да келіп қараса, бір саудагердің алты жасар сұлу қызды сатып тұрғанын көреді. Ғабдолла қызды сатып алады. Қыздың аты Нағиман екен. Баласы жиырма жасқа жеткенде әлгі қызға үйленеді. Ғабдолла бір күні баласын саудамен ұзақ сапарға аттандырады. Сол кезде Нағмиманның көркіне қызыққан Мысыр шаһарының патшасы Құжаз бір кемпір арқылы айламен қызды қолына түсіріп, Бағдаттағы халифаға жібереді. Қызды көрген халифа оған қатты ғашық болады. Нұғман сапардан келсе, үйінде Нағиман жоқ еді. Бұған қатты қайғырған жігіт ауыр сырқатқа шалдығады. Әкесі балшы-балгерлерге бал аштырып, қыздың Бағдат шаһарында екенін біледі. Нағиман да тұтқында отырып, қайғырып, науқас болады. Ақыры халифаның ақылды, адамгершілігі мол сопы апасы Құлжаз патшаның зұлымдығын ашып береді. Құлжаз дарға асылады. Кемпір де тиісті жазасын тартады. Екі жас табысып бақытты өмір сүреді. Нұғыман Құлжаздың орнына патша болады.
Айтушысы: К. Ыбырайымұлы
Дереккөз: М. О. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (668-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 20: Ғашықтық дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.