1940-1947 жылдар аралығында Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» атты отыз бес жырдан тұратын эпикалық жырлар циклы –руханиятымыз бен тарихымызда ерекше орны бар мұра. Отыз бес жырдан тұратын бұл эпикалық циклдің басты кейіпкерлері ретінде бейнеленетін қырық бір батырдың есімі Алтын Орда мен одан бөлініп шыққан түркі мемлекеттерінің XIV–XVII ғасырлардағы тарихында өшпестей із қалдырды.
Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры басқарған қазақ ғалымдарының ұсынысы бойынша Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев Мұрын жырау Алматыға арнайы алдырып, оның жадында сақталған мұралардың көпшілігі жазылып алынды.
«Қырымның қырық батыры» эпикалық циклын Мұрын жыраудың өзі үш салаға бөліп айтқан. «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» және «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» шежірелік циклдары мен «Жеке батырлар» топтамасы.
«Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» шежірелік циклы – «Қырымның қырық батыры» эпикалық топтамасының екінші саласы. «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» атты екінші сала Қазанды сыртқы жаулардан қорғаудағы асқан батырлығымен халық жадында мәңгі сақталған Шора батырдың және оның ата-бабаларының ерлігі суреттелетін «Қарадөң», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс, Тегіс», «Тама», «Тана», «Нәрік», «Шора» атты тоғыз жырдан құралған.
Бұл шежірелік топтамада есімі тек түркі халықтарына ғана емес, бүкіл Еуразия аумағына мәшһүр болған Нәрікұлы Шора батыр мен оның ата-бабасының, әкесінің жорық жолдары, ерлік істері сөз болады.
Негізі 8 жырдан құралған топтаманың құрамындағы «Қарадөң батыр», «Жұбаныш», «Сүйініш», «Ер Бегіс», «Көгіс, Тегіс», «Тама», «Тана» секілді туындылар бір әулеттен тараған ұрпақтардың өмір жолдарын жеке-жеке баян етеді. Дәл мұндай үрдіс Мұрын жыраудан басқа жыршылардың шығармашылығында кездеспейді. Сондай-ақ топтамадағы алғашқы бес басты кейіпкердің тарихи тұлға екені оқырман қауымға тек осы туындылар арқылы мәлім болды. Кіші жүздің бір руының атасы саналатын Тама батырдың әкесі Көгіс екенін осы эпикалық топтамадағы «Көгіс, Тегіс» жырымен қатар «Қарасай, Қази» жырының Мұрыннан өзге жыршылар айтқан нұсқаларын және «Шора батыр» жырының татар халқы арасынан жазылып алынған үлгілерін оқи отырып білеміз. Ал, «Тама» жырында Жетіруға жататын рулардың бірінің атасы дәріптелетінін осы циклдың ең соңғы екі жырының бас кейіпкерлері Нәрік пен оның ұлы Шора екендігінен айқын аңғарылады.