1940-1947 жылдар аралығында Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» атты отыз бес жырдан тұратын эпикалық жырлар циклы –руханиятымыз бен тарихымызда ерекше орны бар мұра. Отыз бес жырдан тұратын бұл эпикалық циклдің басты кейіпкерлері ретінде бейнеленетін қырық бір батырдың есімі Алтын Орда мен одан бөлініп шыққан түркі мемлекеттерінің XIV–XVII ғасырлардағы тарихында өшпестей із қалдырды.
Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры басқарған қазақ ғалымдарының ұсынысы бойынша Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев Мұрын жырау Алматыға арнайы алдырып, оның жадында сақталған мұралардың көпшілігі жазылып алынды.
«Қырымның қырық батыры» эпикалық циклын Мұрын жыраудың өзі үш салаға бөліп айтқан. «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» және «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» шежірелік циклдары мен «Жеке батырлар» топтамасы.
«Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» шежірелік эпикалық циклі – «Қырымның қырық батыры» эпос-эпопеясын құрайтын үш саланың алғашқысы.
Бұл циклде Алтын Орданы басқарған Едіге бидің (1396 – 1419) өзінің, ата-бабаларының және ұрпақтарының ерлігін бейнелейтін «Аңшыбай батыр», «Парпария», «Құттықия», «Едіге», «Нұрадын», «Мұса хан», «Орақ, Мамай», «Қарасай, Қази» атты сегіз жырдан тұрады. Топтамада Едігенің шыққан тегі ол туралы өзге жыр-аңыздар мен шежірелік деректерден мүлде басқаша баяндалады. Циклдің құрамына енген бірнеше жыр Мұрын жыраудан өзге жыршының репертуарында кездеспейді.