1940-1947 жылдар аралығында Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан жазылып алынған «Қырымның қырық батыры» атты отыз бес жырдан тұратын эпикалық жырлар циклы –руханиятымыз бен тарихымызда ерекше орны бар мұра. Отыз бес жырдан тұратын бұл эпикалық циклдің басты кейіпкерлері ретінде бейнеленетін қырық бір батырдың есімі Алтын Орда мен одан бөлініп шыққан түркі мемлекеттерінің XIV–XVII ғасырлардағы тарихында өшпестей із қалдырды. Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры басқарған қазақ ғалымдарының ұсынысы бойынша Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев Мұрын жырау Алматыға арнайы алдырып, оның жадында сақталған мұралардың көпшілігі жазылып алынды. «Қырымның қырық батыры» эпикалық циклын Мұрын жыраудың өзі үш салаға бөліп айтқан. «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары» және «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» шежірелік циклдары мен «Жеке батырлар» топтамасы.
Мұрын жыраудың өзі «Жеке батырлар» атты салаға жатқызған жырлар – негізінен Аңшыбай батыр мен Қарадөң батырлардың ұрпақтары болып саналмайтын батырлар туралы жеке-жеке эпикалық туындылар. Дегенмен, бұл топтың құрамындағы «Жаңбыршы», «Жаңбыршыұлы Телағыс» жырларындағы басты кейіпкерлердің прототиптері ретінде көрініс беретін тұлғалар да Едігенің ұрпақтары екені баршаға мәлім.
«Жеке батырлар» тобына «Қыдырбайұлы Қобыланды», «Асан қайғы, Тоған, Абат», «Қарғабойлы, Қазтуған», «Көкше батыр», «Көкшенің ұлы Ер Қосай», «Ақжонасұлы Ер Кеңес», «Манашыұлы Тұяқбай», «Жаңбыршыұлы Телағыс», «Айсаның ұлы Ахмет», «Алау батыр», «Әмет батыр», «Шынтасұлы Төрехан», «Сұлтан Керім», «Манашы», «Жаңбыршы», «Шынтас», «Қарт Қожақ», «Құлыншақ» жырлары енеді.