Алтын қор цифрлық ресурстары

Түркі халықтарының фольклорлық мұрасы

Қазақ батырлық жырлары

Әуезов институтының Алтын қорында әр жылдары жинақталған батырлық жырлардың үлкен топтамасы сақталған. Мамандар оны өңдеп, бір ізге түсіріп, талапқа сай жариялаумен жүйелі түрде айналысады. Ғалымдар мен зерттеушілер олардың ерекшеліктеріне баға беріп, ғылыми айналымға түсіреді.

Осы құнды нұсқалардың негізінде көпшілікке арналған баспа кітаптары мен жинақтары жарыққа шығып жатады, халық иігілігіне жаратылады. Бұл кейінгі ұрпақ үшін де бағалы мұра, сарқылмас қазына болып табылады.

alpan
«Қырымның қырық батыры»

«Қырымның қырық батыры» эпопеясы – XIV – XVII ғасыр арасындағы Алтын Орда мен Ноғай ордасында орын алған тарихи оқиғаларды суреттейді.
Эпопея 41 батырдың ерлігін суреттейтін 36 жырдан тұрады. 1942 жылы Алматы қаласында атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлынан (Тілеген Сеңгірбекұлы) жазылып алынған.

Эпопеяны шартты түрде үш тармаққа бөлуге болады. Олар: «Аңшыбай батырдың ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары», «Жеке батырлар».

Алтын қордағы қазақ батырлық жырлары

Қазақ фольклорында орны айрықша жырлар Алпамыс пен Қобыланды, Қамбар мен Едіге, Ерсайын мен Ертарғын батырлардың өмірі мен ерліктеріне арналған. Бұлар халық арасында кең тараған, танымал жыр-дастандар болғандықтан нұсқалары да көп. Негізгі желісі мен арқауы бір болғанымен, ішінара өзгешеліктері мен иірімдері кездеседі. Сондықтан да олардың әрқайсысын жіті қарап, салыстыру, қалай өрбігендігіне ғылыми баға беру, сараптау маңызды.

Төменде осы қолжазбалардың бір тобын үлгі ретінде ұсынып отырмыз. Олар алғаш рет цифрлы форматта жарияланып отыр.  

«Алпамыс батыр» жыры

alpamysmedal

Алпамыс дүниеге келгенге дейін Байбөрінің тоғыз баласы болады. Қалмақ ханы Тайшық Байбөріні шауып, тоғыз ұлын өлтіріп, келіндерін жесір қалдырады. қартайған шағында Байбөрінің Зейне атты кіші әйелінен Алпамыс пен Қарлығаш туады. Алпамыс он екі жасқа келгенде үйсін руының байы Ордабай дегеннің ауылына сапар шегіп, оның қызы Гүлбаршынға үйленеді. Бұдан соң батыр ағалары туралы хабарды естіп, Тайшықтан кек алуға аттанады.
Мәтін айтушысы: Келімбет Серғазыұлы.
Орындаған Бидас Рүстембеков.
Дереккөз: Қолжазбасы ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында (Ш.50, 1-дәп.) сақтаулы.
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: “Фолиант”, 2007. 34-том.

Алпамыс батырдың қиссасы

Байбөрінің баласы Алпамыс ғажайып жағдайда дүниеге келеді; ол жедел ер жетеді; Қалыңдығы Гүлбаршынды іздеп шығады; еліне келгенде Тайшық ханның жасаған озбырлығын есітіп, қалмақ еліне екінші рет аттанады; жауын жеңіп, еліне келіп, Ұлтан құлды жасаған қиянатына орай жазалайды. Соңында елін мұратына жеткізеді.

Дереккөз: Қолжазбасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы (Ш.50, 2-дәп.).

batjir
Қисса Алпамыс
Байбөрі Мекке мен Мединеге сапар шегеді. Жол-жөнекей Арыстан бап, Сансыз бап, Әзіреті Сұлтан мазарларына түнеп шығады. Ең соңында Бабай түкті Шашты Әзіздің басына қонып, түсінде әулиелер аян беріп, бір ұлы мен қызы болатындығын айтады. Тілегі қабыл болады. Жырда әулиелерден тілеп алған ұл Алпамыстың басынан кешкендері, Тайбурыл атының шабысы, жорықтары сөз болады.
Мәтін айтушысы: Әбдірайым Байтұрсынұлы.
Дереккөз: «Қисса Алпамыс» жырының мәтіні ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы (Ш.50, 5-дәптер).
Алғашқы жарияланымы: «Қисса Алпамыс» жыры алғаш рет 1961 жылы жарық көрді. Қисса Алпамыс // Алпамыс батыр. Ғылыми басылым. 1961. – 106-200-бб.

«Қамбар батыр» жыры

«Қамбар батыр» жырын Өсербай Сәрсенбай орындайды.

Бұл нұсқаның негізі – Ә.Диваев варианты болғанымен, оған 1888 жылғы Қазан басылымындағы Назымның күйеу таңдау тойы, Назым портреті, батырдың ұрыс алдындағы даярлығы сияқты эпизодтар алынған. Жыршының өз тарапынан қосқан тың жаңалығы ретінде Келмембеттің ішкі монологын атауға болады. Сондай-ақ Келмембет Мақтым ханның әскеріне қарсы Алшыоразбен тізе қосып Қамбармен бірге соғысып, ақыр аяғында Мақтым ханның орнына хан болады. Келмембеттің Мақтымға қарата айтқан: “Сенің еріп тіліңе, Көп қылдым жұртқа зорлықты” дейтін сөздерінен-ақ образдың жаңаша сипаты танылады. Жауды жеңіп қайтқан Қамбар “Қыз алатын малым жоқ, қосылар қазір бұйрық жоқ” дейді. Елінің адамын жиып Алшыораз “ұнатқан жерден жайлауын, қыстауын беріп, қолға алайық” деп ұсыныс айтады, алдына мал салады. Сонда ғана Назымды айттырмақ боп Әзімбайға құда жібереді. Шапай нұсқасында батырлық жолмен үйленуді жетімсіз санап, Қамбарды Назымға құда түсіріп үйлендіреді.

Мәтін айтушысы: Шапай Қалмағамбетов.

Дереккөз: Түпнұсқасы ӘӨИ-ның қолжазба қорында сақтаулы (Ш.35). көлемі – 33 бет.

«Қобыланды батыр» жыры

«Қобыланды батыр» жырын Ақан Әбдіуәли оқиды.
Құлзақ Амангелдин нұсқасы

Жыр ертегілік мотивтен басталады. Тоқтарбай мен Аналықтың баласы Қобыланды ер жетіп, Естемеске қосылып жылқы бағады. Қобыланды бір күні аң аулап жүріп, тау жақтан жылаған қыздың дауысын естиді. Қыз жыл сайын еліне айдаһар келіп, бір қыз бен бір бие жейтінін айтады. Бұл қыз Көктім Аймақтың қызы Құртқа екен. Қобыланды айдаһарды үлкен күшпен жеңіп, Құртқаға үйленіп, еліне қайтады. Осы кезде қырық құлаш Қызыл ер қалың қолмен келіп Қобыландымен соғысады. Қараман батыр қырық мың қол алып, қызылбастың еліне аттанады. Жырдың бұдан былайғы жері Қобыландының Қазан қаласына аттануы; Қазан ханды, Көбіктіні жеңуі; Алшағырдан кек алғаны баяндалады.

«Қобыланды батыр» жырын Аманқос Садықов оқиды.
Сәдуақас Ділманов нұсқасы

Қобылан халықтан асқан батыр болады. Алты жаста Көктенің қызы Аққұртқаны, он үш жасында Көбікті деген қалмақты өлтіріп, қызы Қарлыға сұлуды алады.

Бір күні Аққұртқа түс көреді. Түсінде Қаратаудың ар жағындағы Барса-келместі мекендеген Алып ханның жалғыз қызы Илия сұлу Құртқаға сыр айтып, Қобыландыға ғашық екенін, екі жылдан бері жер үстінен іздеп шын хабарын білмей тарығып, ауру болғандығын айтады.

Құртқа Илияның сөзінен жеңіліп, Қобыландыны Барса-келмеске жібереді. Қасына сенімді серігі Бозмұнайұлы Ерсайымды қосып жібереді. Бұлар үш айлық жолда кезіккен аңдарменен шабысып, айдаһармен алысып Қаратауға аман жетеді. Қырымның қанша батырлары болса да таудан асып, есікті бұзып өте алмағандығы жөніндегі таңба жазуларды көреді. Ең ақыры Қарасай Қазы барып есікті бұза алмай, тасқа жазылған «Қырық қадам күншығысқа барсаң, сол жерде есік бар» деген ескертумен барып қақпаны бұзып, қалың елді көреді.

Қобыланды батыр елді жаулап алған қалмақтың батыры Шойынкөтті жеңіп, Алмамбет ханды өз тағына отырғызады. Алмамбет қаласына көшіп барып, көңілі жайғасып тойын жасайды. Ең соңында Қобыланды батыр Алыпты өлтіріп, Илия сұлуды алады. Құртқа Қобыланды батыр мен Ерсайымның аман-есен елге қайтып оралған қуанышына үлкен той жасайды.

«Ер Едіге» жыры

«Едіге» тарихи-қаһармандық эпосы — түркі халқына ортақ мұра. Қазіргі күні эпостың оңтүстіктегі Түрікмен, Өзбек Республикаларынан бастап, Сібір татарларына дейінгі түркілер арасында барлығы, алыс шетел Түркия мен Румыния жерлеріндегі түркілерде сақталғаны айқын болып отыр. Елуге тарта нұсқасы бар. Олардың кейбіреулерінің көлемі жиырма бес, отыз мың жолға жетеді. Ұлттық нұсқалардың бәрінің түйіні: «Едіге деген ер екен, елдің қамын жер екенге» барып тіреледі. Яғни Едіге — күллі түркі халқының сүйіктісі.

«Ер Едіге» жырын Ақылбек Өтешов орындайды.

«Ер Тарғын» жыры

Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы — ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел бірлігін сақтау, кіршіксіз махаббат. Жырдың негізгі кейіпкерлері — Тарғын мен Ақжүніс: Тарғын — бес қаруды шебер меңгерген батыр; Ақжүніс — ару қыз. Тарғын хандармен араз болса да, халықпен бірге. Оның басына іс түскенде ханға деген өкпесін ұмытып, жау елін жайратып жібереді. Ақжүніс сұлу ғана емес, ақылды жан, батырдың жәрдемшісі. Ол әрдайым батырмен бірге жүреді.
«Ер Тарғын» жырын Арнұр Көшенеев орындайды.

«Ер Сайын» жыры

«Ер Сайын» – батырлық жыр. Көлемі 3000 жол, тілі шұрайлы. Жырда ноғайлы дәуірінің жорықтары баяндалады. Жыр ауызекі тарап кеткен. Оны 1870 ж. В.В.Радлов өз жинағында жариялаған («Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи», СПб., 1870). 1910 ж. Орынбор мұрағат комиссиясының ғылыми еңбектерінде «Бозманай» деген атпен басылды. Кеңес дәуірінде Ташкент (1922) пен Мәскеуде (1926) жеке кітап болып шықты. С.Сейфуллин құрастырған «Батырлар жыры» жинағында жарияланды (1933). Кейін «Ер Сайын» эпостық жыры екі рет баспа бетін көрген Радлов жинағында жарияланды («Алтын сандық», А., 1993; «Ел қазынасы – ескі сөз», А., 1994). Эпостың ықшамдалған нұсқасы А.Пеньковскийдің аударуымен «Литературный Казахстан» журналында орыс тілінде де жарияланды (1938), Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазбалар қорында Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы, т.б. ауыз әдебиеті мұраларын жинаушылар жазып алған «Ер Сайын» жырының нұсқалары сақтаулы.

«Ер Сайын» жырын Жылыбек Тоқтасынов орындайды.

«Қырымның қырық батыры» эпопеясы

1942 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы президенті Қаныш Сәтбаев пен Тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Нығмет Сауранбаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа Мұрын жырауды шақырту және оған арнайы жағдай жасау қажеттілігі туралы хат жолдайды.

1942 жылғы 11 шілдеде Мұрын Сеңгірбекұлы Алматыға келеді. Бұл кезде жырау сексен үште болатын. Осы жаста ол филармонияның сахнасында «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларын айтады. Сол күні көрермендер залында алпыс шақты адам болған, олардың ішінде қазақ кеңес әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов, академик Қаныш Сәтпаев, жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, ақындар Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов пен Қажым Жұмалиев, әдебиеттанушы Есмағамбет Ысмайылов, тілші-түркітанушы Нығмет Сауранбаев, музыкатанушы Ахмет Жұбанов, ғалым Әлкей Марғұлан және басқа да ұлттық зиялы қауым өкілдері болды. Сол жылы тұңғыш рет «Қырымның қырық батыры» дастандар циклі басылып шығады.