logo

Алтын қордағы Хикаялық дастандар

Жырлардың қолжазба нұсқалары

Әуезов институтының Алтын қорында әр жылдары жинақталған Хикаялық дастандардың үлкен топтамасы сақталған. Мамандар оны өңдеп, бір ізге түсіріп, талапқа сай жариялаумен жүйелі түрде айналысады. Ғалымдар мен зерттеушілер олардың ерекшеліктеріне баға беріп, ғылыми айналымға түсіреді. Осы құнды нұсқалардың негізінде көпшілікке арналған баспа кітаптары мен жинақтары жарыққа шығып жатады, халық иігілігіне жаратылады. Бұл кейінгі ұрпақ үшін де бағалы мұра, сарқылмас қазына болып табылады.

«Болат - Жанат» дастаны

«Болат, Жанат» дастанында жазықсыз жала жабылып, жапа шеккен Жанат қыз туралы баяндалады. Онда бас кейіпкер Жанатқа жала жауып жәбірлегендер – әкесінің жақын тұтқан пірі Сауда ишан, күйеуінің сенімді жан жолдасы, жолда кездейсоқ кездескен қойшы, падашы, жеті қалендар. Ақырында Жанатқа қастық жасағандардың барлығы қыздың әкесі Мақалбайдың үйінде бастары тоғысады. Соңында бұлардың қастығы әшкереленіп дәлелденеді де, әрқайсысы лайықты жазасын тартады. Жанат әке-шешесі, бауырымен, күйеуімен табысып, мұратына жетеді.

Мәтін авторы (Айтушысы): Сұлтанбек Аққожаев.

Жинаушысы не жазып алушы: Мәмбет Жаулыбаев.

Мәтін графикасы: Кирилл әрпінде.

«ҚҰЛҚАНЫС-ЗЕБЕРШЕ» дастаны

Дастанда екі елдің ханы, яғни, Құбыл қаласында – хан Өтенше, Ордалы қаласында – хан Әппақша болады. Олар бұрыннан дос еді, бірақ екеуі де бір перзентке зар болып, жүреді. Егер Құдай бала бере қалса, құда болуға ниеттеседі. Әппақ ханнан Зеберша атты ұл туып, Өтеншеден Құлқаныс есімді қыз дүниеге келеді. Ата-аналары құда түсу салтын жасайды. Содан соң қалыңдықтың әкесі келіскен шартын бұзып, қызын басқа біреуге күйеуге беруге уәде береді. Бірақ жастар ғашықтық аңсары үшін күресіп, ақырында көп уақиғаларды басынан өткізіп, қосылады.

Мәтін авторы (Айтушысы): Б.Бектұрғанов.

Көшіріп жазған: Т.Сұлтанбекұлы. 1951 ж.

Жинаушысы: Зүбайра Сейітғаппарова.

Мәтін графикасы: кирилл әрпінде.

Жариялануы: Бабалар сөзі: Жүз томдық.—Астана: «Фолиант», 2004. Т. 3: Хикаялық дастандар. – 2004. – 328 бет, суретті.

Дереккөзі: Мәтін қолжазбасы ӘӨИ қолжазба қорында сақтаулы (309-бума, 4-дәптер.)

«ОРҚА - КҮЛШЕ» дастаны

Дастанда Орқа мен Күлшені аталары атастырып, құда болады. Кейіннен Орқаның әкесі Қамам қайтыс болған соң, жетім ұлға қыз бермеймін деп уәдесінен танады. Сонымен қатар дастанда Омардан басқа да дұшпандарынан екі жастың көрген қорлығы, азабы шынайы суреттеледі.  Қызға ғашық болған Шам патшасы Мақсанның қанағат, нысабына елдің рахметі, екі жастың барлық қиындықты жеңіп мұратына жетуі сияқты оқиғалар жырға арқау болған.

Мәтін авторы (аты-жөні): Белгісіз.

Қорға тапсырушы: М.Сейітмағамбетұлы.

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Жариялануы: Бабалар сөзі: Жүз томдық.—Астана: «Фолиант», 2004. Т. 1: Хикаялық дастандар.—2004.—360 бет.

Дереккөзі: Мәтін қолжазбасы ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақтаулы [641-бума, 8-дәптер].

«Қағира мен Таймұс» дастаны

Дастанда адал достықты, шынайы махаббаты жырлайды. Патшаның сұлу қызын кездейсоқ тіленшіден  естіп, ғашық болған Таймұсқа Қағира атты досы көмектеседі, бастарынан өткен қызықты оқиғалар суреттеледі. 

Мәтін авторы (айтушысы): Білтебайұлы Шорман.

Жинаушысы: Шорман молданың балалары Арон мен Жүсіп. 

Қорға тапсырушысы: Ғ.Мұсабаев.

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Дереккөзі: Дастан ХІХ ғасырда жырланып, ел арасында бірнеше нұсқамен тараған. Ал қағазға түскен алғашқы жазбасы – 1870-1900 жылдар аралығында Білтебайұлы Шорманның айтуынан жазылып алынған. Ол ӘӨИ-дің Қолжазба қорында сақтаулы: 128-бума, 3-дәптер, 25 бет.

«ҚАРҚАБАТ» ДАСТАНЫ

Үрім патшасы Қарқабат Перзент көрмей дүние салады. Орнына патша болған уәзірі Зұлмат өліп кеткен патшаның заңды мұрагерінен қауыптеніп, одан құтылу үшін зәңгілерді жұмсап, әйелді жапанға апарып өлтірткізеді. Зәңгілер қатынның ішін жарып тастағанда, баланың денесіне пышақ дарымай, тірі қалады. Екі жолбарыс баланы тауып алып, бағып, тәрбиелейді. Жолбарыстың сүтін еміп өскен баланың күш-жігері айрықша болады. Баланың есімін Шерқуат қояды. Шерқуат ержеткен соң Зұлматты шауып, қызы Құндызшаға үйленіп, мұратына жетеді. Баланың ата-анасы – екі жолбарыс баладан ажырап, қападан қайғы жеп, жылауда болады. «Сол баланы тауып алалық», – деп Үрімге қарай бет алады.

Айтушысы: Б. Бектұрғанов

Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (309-бума).

Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 3: Хикаялық дастандар. – Астана: Фолиант, 2004.

ҚИССА «ШЕРИЗАТ»

Ертеде Шын-Машын шаһарында Көркін атты патша болады. Ол бір балаға зар  болып, Құдайға жалбарынып, әйелі жүкті болады. Бірде патша аңға шыққанда бір арыстан падишаға шауып, жарақаттап кетеді. Падиша өлер алдында болашақ мұрагері туғанша, тағына Фахұзат атты уәзірін отырғызады. Патша өлгеннен кейін оның орнына отырған Фахұзат уәзірі мұрагердің көзін жоюды ойлап, екіқабат патшайымды өлтіруге ұйғарады. Бала өлі анадан туады. Яғни, кейіпкер өте қайғылы, ерекше жағдайда туады. Өлі анадан туған баланы арыстанның ұрғашысы емізіп, балаға арыстанның күш-қуаты, айбаттылығы дариды. Балаға Шеризат есімі беріледі. Дастан аяқталмай қалған.

Айтушысы: М. Жолақұлы

Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (193-бума).

Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 3: Хикаялық дастандар. – Астана: Фолиант, 2004.