logo

Алтын қордағы ғашықтық дастандар

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу және Қыз Жібек

Әуезов институтының Алтын қорында әр жылдары жинақталған ғашықтық дастандардың үлкен топтамасы сақталған. Мамандар оны өңдеп, бір ізге түсіріп, талапқа сай жариялаумен жүйелі түрде айналысады. Ғалымдар мен зерттеушілер олардың ерекшеліктеріне баға беріп, ғылыми айналымға түсіреді. Осы құнды нұсқалардың негізінде көпшілікке арналған баспа кітаптары мен жинақтары жарыққа шығып жатады, халық иігілігіне жаратылады. Бұл кейінгі ұрпақ үшін де бағалы мұра, сарқылмас қазына болып табылады. 

gashuk

«Көрпеш һәм Баян сұлу» жыры

Шоқан Уәлиханов жазып алған нұсқа

Жырдың оқиғасы қазақтың ескі салты «Ежеқабылдан» басталады. Бұдан былайғы жерде Сарыбайдың өлімінен бастап Қарабайдың жетім ұлға қызын бергісі келмей алыс жаққа көшіп кетуі; Қозының ержетіп, қыз туралы естуі; Қозының сапарына анасының қарсы болуы; Қозының Баянды іздеп шығуы; жолда әртүрлі қиыншылықтарды жеңуі; Қозының қазасы; пірлер көмегімен Қозының тірілуі т.б. эпизодтар баяндалады.

Мәтін айтушысы (аты-жөні): Жанақ ақын

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Мәтін дереккөзі: Шоқан Уәлиханов Жанақ ақынның айтуы бойынша жазып алған. Жырдың қолжазбасы Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтында (П. №2) сақтаулы. (Инв. № 4043).

Көлемі – 86 бет.

В.В. Радлов нұсқасы

Жыр Қозы Көрпеш жырының өзге нұсқалары сияқты құда болу, Сарыбайдың өлімі, Қозының Баянды іздеуі сияқты оқиға желісін құрайды.

Дегенмен В.В. Радлов нұсқасының төмендегідей айырмашылықтары да бар:

  1. Радлов бастырған нұсқада Манап хан, Жаңыл, Ысты, Телеу сияқты қосалқы кейіпкерлер бар болса, Жанақ нұсқасында Көсемсары мен Тазша бейнелері кездеседі.
  2. Радлов нұсқасында Аягөзге келгенде Баянды қалмақтың Манап атты ханы баласына алып бермекші болады.
  3. Радлов нұсқасында Қозы Көрпеш Баян жайын Тазшадан да, кемпірден де емес, Ысты ағасынан біледі.
  4. Жанақ нұсқасында Қодар Көсемсарыны өлтірсе, басқа нұсқаларда бұл кездеспейді т.б.

Мәтін айтушысы (аты-жөні): Белгісіз

Мәтін графикасы: Ескі кирилл әрпінде машинкамен басылған

Мәтін дереккөзі: Жырдың фотокөшірмесі ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы (Ш. 26).

М.Ж. Көпеев нұсқасы

Жыр Сарыбай мен Қарабай ортасындағы құдандалық, Қозы мен Баян арасындағы махаббат, және сол адал махаббатты қорғау жолындағы кездескен қиындықтар, зұлым күштермен күрес жырда әсерлі суреттеледі.

Мәтін айтушысы (аты-жөні): М.Ж.Көпеев

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Мәтін дереккөзі: Жырдың қолжазбасын 1964 жылы Лениградтағы КСРО ҒА шығыстану институтының қолжазба бөлімінде сақталған түпнұсқасынан микрофильмге түсірген – Мәлике Ғұмарова. Европа цифрімен беттелген қолжазба Мәшһүрдің өз қолымен араб әліпбиінде жазылған. Жыршының сөздеріне қарағанда XX ғасырдың басында (шамамен, 1905 жылдары) қағазға түсірілген. Жинаушысы – академик Ә.Марғұлан. жырдың фотокөшірмесі ӘӨИ-де сақтаулы (Ш.24. МФ).

«Қыз Жібек» жыры

Ержан Ахметов жырлаған нұсқаcы

Мәтін айтушысы (аты-жөні): Ержан Ахметов

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Мәтін дереккөзі: «Қыз Жібек» жыры – халық ақыны Ержан Ахметов жырлаған нұсқасы. Қолжазбасы ӘӨИ қорында сақтаулы (71-бума 9-тізім). 1959 жылғы Шығыс Қазақстан экспедициясы кезінде Б.Уахатов жазып алып қорға тапсырған.

Жырда Базарбай деген байдың үш қатынынан тоғыз ұлы болады. Бір кезде ажал жетіп тоғыз ұлы бәрі өледі. Ашуға мінген Базарбай алты қатын алып, сексен жасқа жеткенде кіші қатыны бір ұл тауып атын Төлеген қояды. Төлегеннен соң Сансызбай өмірге келеді. Төлеген жомарт, ақылды, батыр азамат болып өседі. Талай елден қыз қарап ешбірін жақтырмайды. Қыз Жібектің сұлулығын Қаршығадан естіп біліп, көш жөнекей танысады. Құда түсіп еліне қайтады. Бірақ әкесі Базарбай рұқсат бермей, теріс батасын береді. Төлеген жолда Бекажанның қастандығынан қайтыс болады. Сегіз жыл өткенде інісі Сансызбай іздеп шығып, Қыз Жібекті Хорын қалмақ алғалы жатқан тойдың үстінен түседі. Қыз Жібек Сансызбайды көріп өлгенім қайтып тірілді деп қашу жоспарын жасайды. Қалмақтың жүйрік атын айламен алып, Шеге ақын үшеуі елге қашады. Соңынан қалмақ қуып жетерде Шеге мен Қыз Жібекті алға жіберіп, қалмақты Сансызбай өзі тосып қалады. Жекпе-жекте Хорын қалмақтың басын алып, қалған қолын қырып, аман-есен арттарынан қуып жетеді. Елге келіп, той жасап мұратына жетеді.

Шеге ақыннан тараған нұсқасы

Қыз Жібек жырының ең көркем нұсқаларының бірі. Мұнда басқа нұсқаларына ұқсамайтын бір жері Төлегеннің әкесі бай емес кедей, бірақ әділ билігімен ел алдында беделді адам болады. Мұны Қарамен деген бай көре алмайды. Базарбайды баласы жоқтығын айтады. Базарбай Құдайдан тілейді, екінші әйелінен туған Төлеген сері ер көңілді азамат болып өседі. Қарамен өзінің ынжық баласы Егіздің қалыңдығын алып келу үшін Төлегенді қасына қосады. Қыз егізді жақтырмай ел арасы шабыншылық боллатын болған соң Төлеген қызды райынан қайтарып, Егізге қосады. Мұнан соң Жібек сұлуды іздеп шығады. Егіздің малымен Жібекке құда түседі. Бекежан Төлегенді қапыда өлтіреді. Соңында Сансызбай Бекежанды өлтіріп, Жібекті еліне алып келіп, ұлан-асыр той жасауымен аяқталады.

Мәтін айтушысы (аты-жөні): Шеге ақын

Мәтін графикасы: Араб әрпінде

Мәтін дереккөзі: «Қыз Жібек» жырының «Шеге ақыннан тараған» дейтін нұсқасын ақтөбелік жыршы Шапай Қалмағамбетов 1955 жылы Тіл және әдебиет институтының қолжазбалар қорына өткізеді. Жырдың қолжазбасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында (66-бума) сақталулы.