Әуезов институтының Алтын қорында әр жылдары жинақталған Діни дастандардың үлкен топтамасы сақталған. Мамандар оны өңдеп, бір ізге түсіріп, талапқа сай жариялаумен жүйелі түрде айналысады. Ғалымдар мен зерттеушілер олардың ерекшеліктеріне баға беріп, ғылыми айналымға түсіреді. Осы құнды нұсқалардың негізінде көпшілікке арналған баспа кітаптары мен жинақтары жарыққа шығып жатады, халық иігілігіне жаратылады. Бұл кейінгі ұрпақ үшін де бағалы мұра, сарқылмас қазына болып табылады.
Мұхаммед жетім болып өсіп, жоқшылықты көп көреді. Әбужәһіл Мұхаммедке жас кезінен қас болады. Оның шын есімі – Омар бин Хишам. Ол Исламға дейінгі пұтқа табынғандықтан, Мұхаммедтің уағыздарына қарсы шығып, надандық мінездер көрсетеді. Сол үшін Әбужәһіл (надандықтың атасы) деген лақап атқа ие болады. Мұхаммед қасына 40 бала ертіп сейілде жүргенде, 200 бала ертіп алған Әбужәһілмен кездесіп қалады. Сол жерде ұрыс болып, Әбужәһілдің балалары жеңіліп қалады. Ертеңінде тағы ұрыспақ болады. Мұхаммед жолдастарына ас тауып бере алмай қатты қамығады. Олар қанша аш болса да, ұрлықпен күн көруге болмайтындығын түсінеді. Бұған Мұхаммед қатты қапа болады. Ғайыптан тілек орындалып, Қызыр Ілияс пайғамбар құдіретімен жерге шаншып қойған аса таяғының басында шипалы жемістер пісіп тұрады. Оны жеген балалар күш жинап, Әбужәһілдің балаларымен қайта шайқасқа шығады. Тағы да таяқ жеген Әбужәһіл болған оқиғаны әкесі Үшжамға айтады. Бірде Үшжам Мұхаммедті қонаққа шақырады. Жоқшылықтың зардабын тартқан Мұхаммед тойға киіп баруға киім таба алмай жалаңаяқ, жалаңбас баруға ұялып отырғанда, Қадиша киім тауып береді. Мұхаммед Әбужәһілді күресте жеңіп, Қадишаға үйленеді.
Айтушысы: Ә. Ахметов
Дереккөз: М. О. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (920-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 11: Діни дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Садуақас деген жомарт Расул Алланы, Әбубәкір Сыдықты, хазіреті Омарды, хазіреті Османды балаларының сүндет тойына шақыра келіп, соңында Әли Арсыланның үйіне кіреді. Әлиді тойға шақыра келгенін ұмытып кетіп, үйіне қайтар кезде ғана есіне түседі. Бұған Әли қатты ренжиді. Бұны байқаған Бипатима күйеуінің неге ренжігенін сұрайды. Әли Садуақастың тойға шақыруға келіп, ұмытып, кеш айтқанына ренжігенін және де тойына не сыйлық апаратынын білмей тұрғанын айтады. Патима Арсыланның көңілі шаттансын деп сандығынан гауһарды алып береді. Арсылан ол гауһарды алмайды. Одан да бір кәпірмен соғысып, содан түскен олжаны сыйламақ болып, түнде үй-іші ұйықтап жатқан кезде Дүлділіне мініп, Уәлия шаһарын жауламаққа аттанады.
Таң атқан соң Әлидің сапарға аттанып кеткенін естіген Халид сахаба оны іздеп жолға шығады. Әли Арсылан Уәлия шаһарына жетіп, елін мұсылман дініне кіргізіп, Әбулмұхсин патшаның шаһарын шабуға аттанады. Шаһарға келсе, бір өлеңшінің Әлиді мақтап жатқанын естиді. Патшаға реңі суық бір батыр келіп тұр деген хабар жетеді. Әли патша алдына келіп, өзін таныстырады. Мұны көрген патша қатты сескенеді. Әли Әбулмұхсин балуандарын жеңіп, шаһар халқын мұсылман дініне кіргізеді. Шіркеулерін бұзып, мешіт салдырады. Қаққа атты патшаның даңқын естіп, әрі қарай сол шаһарды жаулауға аттанады. Жолда ақсақал бейнесіндегі Ібіліс кездесіп, теріс жол көрсетіп жібереді. Ол жолда Әли зәңгілерге кез болып, оларды жеңеді.
Әли әрі қарай Қаққа патшаны іздейді. Бір көшенің тұсына келгенде, патшаның қызы Әлиді көріп ғашық болады. Қыздың түсінде Әлидің бабасы аян беріп, шаһар халқы түгел мұсылман дінін қабылдайтынын айтады. Қаққаның Жамнұн атты батыры Әлиді іздеп кеткен екен, сол еліне оралып, «Әлидің басы» деп бір басты алып келеді. Бұған патша шаттанып отырғанда, Әли кіріп келеді. Қаққа патшаның әскерін жеңіп, соңынан іздеп келген Халидпен табысып, соғыстан түскен олжаны алып келіп Садуақастың тойына тарту етеді. Соңында мұсылман дінін қабылдаған шаһар халқы түгелімен жиылып Мұхаммед пайғамбарды көруге Меккеге келеді.
Томға ӘӨИ-дің қолжазбалар қорындағы (128-бума) жинаған нұсқа енді.
Айтушысы: Шорман ұлдары Арон мен Жүсіп
Дереккөз: М. О. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (128-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 15: Діни дастандар. – Астана: Фолиант, 2005.
Мұхаммед пайғамбар бірде Қамбар атты құлын өрік-мейіз әкелуге Рұм шаһарына жұмсайды. Мұны естіген жеті жасар Мұхаммед-Қанапия да Қамбармен бірге сапарға аттанбақшы болады. Әкесінің қарсылығына қарамастан, Қамбардың соңынан қуып жетеді. Екеуі тәуекелмен жолға түседі. Шаршаған бала жолда ұйықтап қалып, Қамбардан адасып қалады. Қамбар Хақ Расулға хабар береді. Мәдиненің барлық халқы баланы іздеуге аттанады. Бала адасып жүріп, бір ақ шатырды көреді. Шатырға кіріп, алтын тақта отырған бір сұлу қызды көреді. Ол кемпір арқылы баланың жөнін біледі. Қыз өзі Ғұзнапар деген патшаның қызы екенін, әкесінің Ғалиға қарсы соғысу үшін көп әскер жинап жатқанын, Ғажым атты батыры Ғалидың басын кесіп келсе, өзін соған беретінін айтады. Сол кезде қалың әскер келіп қалады. Мұхаммед-Қанапия мен Ғажым батыр жекпе-жекке шығып, бір-бірін жеңе алмай ұзақ күреседі. Бала Ғажым батырды жеңіп, жаудың көп әскерін қырып салады. Өзі жетпіс жерден жараланады. Қыз Хақ Расулға хабар жібереді. Ер Ғали келіп баласын құтқарып қалады. Ғалидың әскері қалған жауды жеңіп, мұсылман дініне кіргізеді. Мұхаммед-Қанапиямен қызды қосып, той жасайды.
Айтушысы: С. Тұрғанбаев
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (876-бума).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 10: Діни дастандар. – Астана: Фолиант, 2004.