Бұл шығарма халқымыздың ғана емес адамзат дамуы тарихының көне дәуірлерінен хабар беретін көне жырлардың бірі.
Жыр алғаш рет 1903 ж. Қазанда, Маарифъ баспасынан араб әрпінде жарық көріп, 1915 ж. қайта басылып шықты. Мәтінді жариялаған Жүсіпбек Шайхысламов. Бұл жырдың бірнеше нұсқалары бар: 1) «Дотан батыр» – қолжазбаны 1940 жылы тапсырған Мәлім Жүсіпов, көлемі 1150 жол; 2) «Дотан батыр» – қолжазбаны 1941 жылы тапсырған Аманғали Сегізбаев, көлемі 1950 жол; 3) «Дотан батыр» – қолжазбаны 1948 жылы тапсырған Қысыраубек Амантаев. Бұл нұсқалардың барлығына 1903-жылғы кітап негіз болғаны белгілі.
Жырдағы Құбақанбайдың айдалада томаға-тұйық өмір сүріп жатқан ұл-қыздары өзге әлемнен бейхабар. Оларға басқа дүниенің тылсым, құпия болып көрінуі алғашқы қауымдық құрылыстағы адам санасының балаң, өз мекенінен ұзап шықпаған кезін елестеді. Сапарға шыққан жастарға бақташы шалдың кеңес беруі жыр сюжетінде онша маңызды болып көрінбегенімен мұндай дана қарттардың жастарға ақылын айтып, жөн сілтеуі көптеген халықтардың эпостарында кездеседі. Ол қария Дотанның өзгелерден ерекшелігін байқап, оған Қаракөк тайды мінуге кеңес береді. Эпикалық жырларымыздың барлығында дерлік ат таңдау рәсімі кездеседі әрі әр шығармада батыр тұлпарға әр қилы жолмен қол жеткізеді. Бұл түркі-монғол халықтары эпостарының бәрінде дерлік кең таралған құбылыс.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында (1346-бума) 1915 жылы басылған кітаптың көшірмесі сақтаулы
Базардың «Жүсіп–Ахмет» дастаны – қазақ эпосының көркем үлгілерінің бірі. Базар өзі жырлаған «Жүсіп-Ахмет» дастанында түрікпен жұртының батырлық жырын нәзиралай отырып, түпнұсқадан еш кем түспейтін көркем де кестелі, орамды ойға толы тамаша туындыны дүниеге әкелген. Жырау түркімен дастанын қазақша сөйлете отырып, екі халықтың жыршылық дәстүрін қатар ұстанған. Дастан сюжетіне негіз болған оқиғалар түркі қағанаты кезеңдерінен бастау алып, ортасы оғыз-қыпшақ ұлысы тұсындағы тайпааралық қақтығыстардың сұлбасын елестетеді.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорындағы 917/7-бумадан алынды.
Бұл дастан Көрұғлы туралы шежірелік циклдың эпикалық бағдары, бүкіл идеялық-эстетикалық негізін анықтаушы болып табылады. Дәл осы мәтінде қаһарманның эпикалық ғұмырнамасының шешуші сәттері көрініс табады, нақтырақ айтқанда оның ғажайып жағдайда туылуы, елден ерекше болып өсуі және алғашқы жорығы – Отанына оралуы. Яғни осы тұста оның батырлық мінезіне негіз қаланады, ол өзінің өмірдегі орнын түсінеді, батыр боп өсуі байқалады.
Дастанның бірінші «Раушанбек» атты саласында әлі туылмаған Көрұғлының әкесі көзінен айырылған соң өміріне қауіп төнгенін сезіп еліне қайтады. Еліне жетеді, бірақ көп ұзамай қайтыс болады. Қызылбастар елінде қалған екіқабат әйелі Ақанай қатты науқастанып, біраздан соң ол да дүние салады. Бала көрде туады. Демек, болашақ батыр әкесі өлгенде, өлі шешеден әрі жер астында – көрде туады.
Көрұғлы өзінің жау жерінде жүргенін, туған елі өзге, алыста екенін кездейсоқ, таяқ жеген баладан естиді. Дәл сол сәтте оның балалық шағы бітеді: Көрұғлы әкесінің қайғылы тарихынан хабардар болады, ата жауы зорлықшыл Шағдат хан екенін біледі, ендігі міндеті мен мақсаты – әкесі мен анасының кегін алу екенін түсінеді. Сонымен Көрұғлы дәстүрлі эпостардың кейіпкері секілді он бір жасында батырлық мінез танытады, белсенді тұлғаға айналады. Осыдан бастап ол Көрұғлы бек, Көрұғлы ер деп аталады.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорындағы 89-бумадан алынды.
Көрұғлы бір күні түсінде анасы Күләйімді көріп, шошып оянып, Шағдатты шабуға дайындалады. Осы тұста Шағдат та түс көреді, түсінде үш жолбарыстың өзін алтын тағынан құлатқанын көреді. Ханның түсін жорыған мыстан Көрұғлымен бірге аттанған Райхан араб пен Қызылбайды атайды.
Екі жақ та әскер жинайды. Көрұғлы Шағдат қаласына жасырын жалғыз өзі барып әжесін босатады. Қызылбастың батырларымен жекпе-жекке шығады. Қызылбастың пілге мінген Меһрамбек деген мықты батыры түркімендердің екі батырын мерт қылады. Көрұғлы Меһрамбекпен бір күн, бір түн алысып, ақырында оны жеңеді. Соғыста қызылбастар жеңіледі. Көрұғлы Шағдатты өлтіріп, орнына Бабалыны хан сайлайды. Анасының қабіріне мазар орнатады. Еліне оралып, Күләйім мен Ғаждамбекпен көріседі.
Көрұғлы үш періге үйленеді, олардан бала болмаған соң Әуезхан мен Асанханды асырап алады, жасы жүзге жетсе де аттан түспей, оның даңқы жер жүзіне жайылады.
Айтушысы: Рахмет Мәзқожаев
Дереккөз: М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорындағы 89-бумада сақтаулы.
Жарияланымы: Қазақ халық әдебиеті. Көптомдық. Батырлар жыры. Т. 4. М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Алматы: «Жазушы», 1989. Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 48: Батырлар жыры. – Астана: Фолиант, 2008. – Б. 536.
Жырдың кімнен, қашан жазылып алынғаны белгісіз. Жариялаушысы Мұхамбетнәжіп Әлиакбарұлы жөнінде де нақты мәлімет жоқ. Жыр 1884 жылы Қазанда ескі (қадымша) араб әліпбиінде жарық көрген. Оның жариялаушысының Мұхаммед-Наджиб Алиакберов екенін 1899 жылы “Қазан татарларының тарихи жырлары” деген еңбегінде атап көрсеткен Н.Катанов болатын. Бұл кітап өте аз тиражбен шыққан болса керек. Оны көшіріп алушылар, өз бетінше редакция жасаушылар көп болған. Осындай көшірменің бірін 1910 жылы ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Құлмұқамбет Байғұлыұлы жасаған. Оны зерттеуші С.Ордалиев 1961 жылы Қостанай экспедициясы кезінде тауып, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тапсырған.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорындағы 127-бумадан алынды.
(Белгісіз ақын нұсқасы)
Қырым жеріндегі ноғайлы елінің Аушыбай атты қарт батыры су перісімен көңіл қосып, одан ер Едіге, одан Нұрадын, одан Мұса би, одан Орақ пен Мамай, Орақтан Қарасай, Қази; Мамайдан Қымбат атты қыз туады. Қарасай мен Қази әкелері Орақтың «үш аманатын» орындауға аттанады және қызылбас ханы Қондыкермен соғысып, тұтқындағы Әділ сұлтанды құтқарып алып қайтады.
Айтушысы: белгісіз
Дереккөз: М. Әуезов атындағы ӘӨИ қолжазбалар қорында сақтаулы (1310-бума, 1-дәптер).
Алғашқы жарияланымы: Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Т. 42: Батырлар жыры. – Астана: «Фолиант», 2007.
(С. Жаңбыршыұлы нұсқасы).
Жырдың Қобыландының ұрпақтары мен олардың ерлігі дәріптелетін нұсқалары да кездеседі. Солардың бірі – Сүйіншәлі Жаңбыршыұлы жырлаған «Қобыландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр» деп аталатын нұсқа. Бұл жыр – «Қобыланды батыр» эпосының заңды жалғасы. Жырда Қобыландының жаугершілік кезде туып, айдалада қалған ұлы мен қызы – Жетімтай мен Жетімектің қалай өсіп, ержеткені жырланады. Жаудың бұйрығымен сәбилердің ен далада қалуы, оларды жабайы киіктің емізуі сияқты оқиғалар «Мұңлық–Зарлық» дастанының сюжетіне ұқсас.
Дереккөз: Жыр мәтіні М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы 76-буманың 2-дәптерінде сақтаулы.
Алғашқы жарияланымы: «Бабалар сөзі». Жүзтомдық. Батырлар жыры. Т. 35. Астана: «Фолиант», 2006. – 392 б.