• (727) 272 74 11
  • info@litart.kz

    Латын әліпбиіне көшудің тағы бір қажеттілігі

    Латын әрпін қолдана бастағаннан кейін ескеруді қажет ететін бірер мәселе бар. Соның бірі – мемлекеттік тілдің ахуалы қандай деңгейде болатындығы. Мемлекеттік тілімі болғанымен, бірақ оның шеті мен шегі, қоғамда алатын орнының деңгейі заңнамада толық нақтыланбаған, жалпы нысан ретіндегі болмысы әлі де бұлдырлау.

    Мысал үшін алатын болсақ, Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленсе, онда оның қоғамдағы орны да нақтыланып көрсетілуі тиіс емес пе? Қай мемлекеттің болсын іс қағаздары, бухгалтерлік, қаржылық (финанстық) есеп-қисаптары, мемлекет жұмыстарына қатысты толып жатқан қағаз толтырулар мемлекеттік тілде жүргізілуі керек қой. Мемлекеттік түсім комитеттеріне және басқа мемлекеттік органдарға жөнелтіліп жатқан есеп-қисаптар әзірше тек қана орысша. Банк тілі қазақшаға мүлде жолағысы келмейді, тіпті осы ұйымдардың бір нәрсеге жауап алғың келсе, қазақша сөйлегенің үшін өзіңді кінәлап, өзіңе ұрсатыны жөніндегі алаңдататын мысалдар баршылық.

    Осы арада айтайын дегенім – тек латын қарпін енгізіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарын да латын қарпіне көшіру керек екендігі. Латын қарпі мемлекеттік тілімізде қолданылатын болса, онда бүкіл мемлкекеттік құжаттар да осы қаріппен жазылуы тиіс емес пе?

    Біз шет тіліндегі сөздерді алдымен орыс тілі арқылы қабылдайтын әдетімізден әлі айнығанымыз жоқ. Ал осындай жолмен енген жекелеген термин сөздердің, ономастикалық және топонимикалық атаулардың орыс тілі арқылы бұрмалауға түсіп келіп жатқандығы жайында жаппай ойланбаймыз.

    Тілі келмегендіктен, басқа ұлттардың көптеген сөздерін артикуляциялық ерекшеліктеріне байланысты орыстардың дәл сол қалпында қайталап айта алмайтынындығы табиғи. Мысалы, көршілес Қытай Халық Республикасының астанасын осы күнге дейін Пекин деп жазып жүрміз. Оның қытай тілінде Бейжің деп дыбысталынын білсек те, сол әуелгі жаңсақтық жалғасын табуда. Сондай-ақ, Шанхай деген қала аты да сондай халде. Қытайша білетіндердің айтуына қарағанда ол «Шаңқай» деп жазылуы керек екен. Кәдімгі қазақтың «Шаңқай түс» деген тіркесіндегі «шаңқай». Орыс тілінде «Қ» мен «Ң-ның» жоқ екендігі белгілі.

    АҚШ-тың астанасын әлі күнге дейін орысша транскрипциясы бойынша «Вашингтон» деп жазамыз. Кириллицаға салған жағдайда ол шамамен «Уошынтон» деп жазылуы тиіс еді. Ағылшын, француз неміс және т.б. тілдерден енген термин сөздердің бұрмаланбағаны некен-саяқ көрінеді. Қазақ тіліне тән «Ұ», «Ү», «Ғ», «Қ», «І», «Ә», «Ң», «Ө», «Һ» дыбыстарының орыс тілінде жоқ екендігі белгілі. Криллицада олардың әріптік таңбалары да жоқ. Мұндай жағдайда орыс байғұс бұрмаламай қайтеді. Тілімізде ондай дыбыстар бола тұрып, біз сол бұрмалаудың теріс ықпалымен кетіп барамыз.

    Бұрын бодан болған ұлттар тіл басқыншылығынан шешімталдықпен құтылып жатқан кезде ана тіліміз әлі де орысшаға тәуелді. Оны мойындауымыз керек.

    Орысшада жоқ қазақ дыбыстарының біразы ағылшын және басқа ұлттардың тілдерінде бар. Егер латыншаға көшсек, сол тілдердегі сөздерді түпнұсқаға жақындатып жазатынымыз, жазып қана қоймай, сөйтіп айтатынымыз анық. Сонымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер оны орыс тілі арқылы емес, тікелей үйренсе тез меңгеретін болады, сөйтіп ұлтаралық интеграция да күшейе түспек.

    Бұл арадағы жалғыз-ақ қиындық – осы уақытқа шейін шет тілдері мен қазақ тілін арасында делдал болып келе жатқан орыс тілінің рөлінің төмендеп қалатындығы. Бір сөзбен айтқанда, латын әліпбиіне қайта оралу тілдік тәуелсіздікті нығайтуға жасалған келесі қадам болмақ.

    Нұрдәулет Ақыш

    Search