• (727) 272 74 11
  • info@litart.kz

    Латын әліпбиіне көшу туралы пікірталастар

    Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдау

    Нұрдәулет Ақыш

    Латын әліпбиіне көшу туралы пікірталастар

    Осы соңғы айларда қазақ қоғамын серпілткен елеулі оқиғалардың бірі Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы болды. Онда Елбасымыз: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақастан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдемдім. Бұл – сол кезде барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз» деп атап айтқан болатын.

    Осыған орай қазақ оқырмандарының назарын аударып отырған шоқтықты пікірталастың бірі – қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру идеясына қатысты. Ұлтымыздың рухани әлемі үшін маңызды болып табылатын осынау өзекті мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер тасқыны үздіксіз орын алуда.

    Күн тәртібінде тұрған осынау өзекті тақырыпты одан әрі дамытып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтары мен зиянды тұстарын талдап көрсетіп жазылған мақалалар қатары күн сайын толыға түсуде. Олардың арасында назар аударуға татитындарының бірі - Амангелді Айталының «Қазақ тіліне сұраныс жоқ елде латын әліпбиіне сұраныс бола ма?» деп аталатын сараптамасында бірден басын ашып айтатын жағдай – автор мәселені қабырғасынан қоя отырып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесіне күмәнмен қарайды. Оның алдымен үңілетіні – өзіне дейін латынға көшуді қолдап жарық көрген мақалалар мен айтылған ойлардың кемшін тұстары.

    Мысал үшін алғанда, латын әліпбиіне 1928 жылы көшкен түріктердің өздерінің дыбыстық қорындағы кейбір әріптерді әліпби жүйесінде таңбалай алмапты. Мұндай кемшін тұстар әліпбилерін ауыстырған басқа халықтарда да бар көрінеді.

    Автордың айтуынша, осы түріктер араб графикаларына негізделген рухани мұраларын осы күнге дейін пайдалана алмай отыр екен. Біз латын қарпіне көше қалған жағдайда туындайтын проблемалар қатары мынандай болуы мүмкін.

    1)Қазақ тіліндегі ғылыми әдебиеттің осы уақытқа шейін тұтастай дерлік тек кирилл графикасында жазылуы; 2)жаңа әліпби бойынша мұғалімдер дайындау; 3)жекеменшік мекемелердің бұрынғыша кирилл әріптерімен жұмыс істей беруі; 4) латын әліпбиімен шығатын ұлттық баспасөзге деген сұраныстың азайып кетуі; 5) сонымен бірге қазақтардың бұрыннан да кириллицамен оқитын тобы әліпби екіге бөлінгеннен кейін, латын шрифтісімен жазылғандарды мүлде қолға алмай кету ықтыималдылығы және т.б.

    Авторлардың тағы бір қауіптенетіні – орыс және қазақ тілді болып екіге бөлініп кеткен қазақ ұлты енді екі түрлі әліпбиді қолдана бастағанда, ара жіктері тіпті ашылып, бұдан әрі тереңдей түсуі мүмкін екендігі. Сөйтіп айналып келгенде, Амангелді Айталы латын әліпбиіне көшу реформасын асықтырмай, сақтыққа шақыру жағын қолдайды. Түйіндеп айтқанда, бұл кісінің сөзінде де қоғамның ересектер тобына тән болып отырған типтік сақтық себептері бой көрсеткен.

    Латынға қарсы топтағылардың тағы бір уәжі мынандай болып келеді: «...қазақ тілі Құдайдың әрпіне көшсе де, өркендей алмайды... Жалғыз қазақ тілін мемлекеттік тіл қылып, онда да бірнеше жылдан кейін қолдану аясын 100 пайызға жеткізіп барып латынға көшсе болады ғой деп ойлаймын. Ал осы қалпымызбен латынға өтсек, орыстілділерді айтпағанда, қазір қазақша жазып, сөйлеп жүргендердің өзі орысша сөйлеп, қызмет қағаздарын орысша толтырып жаза бастайды...» (Жас алаш, №20, 14-наурыз, 2013 ж.)

    Латын әліпбиіне көшуді табанды түрде қолдайтын мақаланың бірі –Қазыбек Исаның «Шынайы тәуелсіздік латынға өтумен келмек» деп аталатын сипаттағы мақаласы. Қазақ жазуындағы арғы-бергі кезеңдерге шолу жасай келіп, Қазыбек Иса латын жазуына көшуді қиындықтары мен артықшылықтарын өз эмоциясын қоса отырып, талдап өтеді. Оның «Шынайы тәуелсіздік латынмен келмек» ғылыми эссесі оқырмандарды оқыту мақсатында түрлі тақырыпшаларға бөлінген.

    Автордың өзі тақырып етіп алған мәселеге қатысты пікірлері, тұтастай алғанда, айқын, ұстанымдары тиянақты. Сонымен бірге ішінара обьективті тұрғыда алғанда, келісе қоймайтын пайымдаулардың да ұшырасып қалатынын жоққа шығаруға болмас.

    Осы қарбаласқа қатысты өз ойларын Әбдірашит Бәкірұлы тәрізді «Латынға көшу қазақ тілінің мәселесін шешпейді» деп, айқайлап тұрып ашық айтып жатқандардың да уәждерін ғылыми тұрғыдан тиянақты деп айту қиын. «Әйтеуір қарсы бола беру керек» деген пиғылмен айтылып жатқан сияқты. Автор Қ.Исаға қарсы кереғар пікір білдіреді.

    Бір біріне қарама-қарсы айтылған біраз ой-пікірлерді сараптап келгенде, латын қарпіне көшуді қолдаған топтың уәждері басымырақ түсіп жататынын атап айту керек. Оған жоғарыда келтірілген дәлелдер куә. Олардың қандай екендігін тағы да ежіктеп, қайталап жату шарт емес болар.

    Зерттеушілердің дәлелдеуіне қарағанда, бүкіл дүниежүзіндегі ғаламтор материалдарының 80 пайызы латын жазуымен жарияланып келе жатыр екен. Ендеше бұл шрифт – дүниежүзілік деңгейде байланыс құралына айналып отырған ғаламтордың арқа сүйейтін негізгі әліпбиі. Демек бұл әріпті пайдалану – дүниежүзілік қауымдастыққа жақындаса түсудің кезекті бір жолы болу әбден ықтимал екен. Пайдаланылатын әріптері бірдей болғандықтан, латын әрпімен сауат ашқан қазақ баласының кейін де сол әріппен жазылған ағылшын тіліндегі мәтіндерді көп қиналмастан оқып кете алатын түсінікті.

    Екіншіден, Қазақстан саяси тәуелсіздік алып, дербес ел атанса да, орыс империясының рухани басқыншылығынан әлі күнге құтыла алмай келе жатқанын жасырудың керегі не? Бұл ықпал әсіресе руханиятқа қызмет жасайтын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы нақты іске асып келеді. Сол құралдардың бір үлкен арнасы – мерзімдік баспасөз тасқыны. Латынға көшу арқылы осы тасқынға аз да болса бөгесін жасау мүмкіндігі бар.

    Ағылшын тілді басылымдардың да ұлттық менталитетімізге келмейтін теріс ықпалы болуын терістеу қиын шығар. Бірақ ол орыс тілі арқылы санамызға сіңіріліп жатқан рухани экстермизмнен қауіпті емес.

    Келесі бір мәселе – «Латын әрпіне бүкіл Қазақстан халқы көше ме жоқ әлде тек қазақ мектептерінде оқитындар ғана ма?» деген сауал. Бұл арада басы ашық жағдай – алдымен тек қазақ тілінде ғана оқитындарды көшіру керек екендігі. Бірақ түптеп келгенде бір елді екі әліпбиге бөлмей, тіліне қарамастан, барлық мектептердің бірыңғай әліпбимен оқуы еліміздің рухани тұтастығын сақтаудан туындайтын қажеттілік.

    Мысал үшін айтқанда, республикамыздағы өзбек, ұйғыр және басқа тілдерде білім беретін мектептерді де. Қазақстандағы өзбектер де этникалық өзбектердің оқитын әріптерін пайдаланса, іргелес екі елдің өзара байланыстары да жеңілдей түпей ме.

    Базбір ойшылдарымыздың қарсы айтатындары – «Егер латынға көшсек, Кеңес дәуірінде жасалған бүкіл әдебиетіміз, қазақ тілінде жазылған тамаша ғылыми еңбектеріміз ұмытылып қалып қояды. Кейінгі ұрпақ оқи алмайды» деген уәж. Қазіргі ғылым мен техника мейлінше дамыған жаңа технологиялар заманында одан күдіктену қаншалықты орынды? Бұл жөнінде жоғарыда аталған мақаласында Қазыбек Иса дәлелді уәж келтірген.

    Тәуір деп танылған дүниелердің барлығы латын қарпіне көшірілетіні даусыз. Сонымен бірге макулатураның жемі болуға дайын тұрған көптеген артық қағаздан тазарып қалатынымызды да ұмытпау керек. Айталық, көркемдігі төмен немесе таза кеңестік рухта өмірге келген жазындыларды оқырмандарың кейінгі буындарына тықпалаудың түк те қажеті болмас.

    Тағы бір көлденең тартылатын ой – «Екі түрлі қаріппен жазып, оқитын жағдайда бір ұлттың өкілдері екіге бөлініп қалады. Қазақ тілді және орыс тілді қазақтар әрқайсысы өздері таңдаған әріптердің тұтқынына айналады» деген қауіп. Осы арада «Кириллицаны пайдаланып келе жатқан орыс тілді қазақтар кириллицамен жазылған қазақ мәтіндерін оқушы ма еді?» деген қарсы сұрақ туындайды. Әрине, бұған дейін олардың қазақшаға мойын бұрып келе жатқандары некен-саяқ. Өйткені орыс тілді қазақтардың патриоттық сезімдері кемшін, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазатындар олар үшін – бар болғаны артта қалған «мәмбеттер» ғана. Ана бір жылы қазақ тілін қорлай сөйлеп, «Мен суахили тілін білмеймін» деп жауап жазған «Қазпошта» АҚ-ның қызметкері сондайлардың біреуі ғана. Әйтпесе іштен тынып, қаптап жүргендері қаншама.

    Бірен-сарандары болмаса, орыстілді қазақтарда ұлттық проблема деген жоқ, олардың көпшілігі өз ұлтын сақтап қалу керек деген мәселеге бас ауырта қоймайды. Өз ұғымдарына салсақ, олар – ұлттың емес, жалпы адамзаттың перзенттері. Әсіреорыстанып, нигилизм жолын біржола түсіп кеткен қандастарымыз өздерін қазақпыз деп атауға да ауыздары да бармайды. Арланады. Өйткені олар – «ұлттық сезімнен жоғары тұрған бүгінгі өркениеттің төл өкілдері». Әрине, өздерінің түсініктері бойынша.

    Жасы үлкендер үшін латынға көшудің шынында да ауырлау соғуы мүмкін ғой, бірақ мектепте, оқу орындарында онсыз да ағылшын тілін немесе басқа бір шет тілін оқитын шәкірттер үшін бұл шаруаның түк те қиындығы жоқ.

    Енді осы арада ескермеуге болмайтын бір жағдай бар. Ол – латынға көшкеннен кейінгі мемлекеттік тілдің ахуалының қандай деңгейде болатындығы. Мемлекеттік тіл бар, бірақ оның шеті мен шегі, қоғамда алатын орнының деңгейі заңнамада толық нақтыланбаған, жалпы нысан ретіндегі болмысы әлі де бұлдырлау.

    Мысал үшін алатын болсақ, Конституция бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде белгіленсе, онда оның қоғамдағы орны да нақтыланып көрсетілуі тиіс емес пе? Қай мемлекеттің болсын іс қағаздары, бухгалтерлік, қаржылық (финанстық) есеп-қисаптары, мемлекет жұмыстарына қатысты толып жатқан қағаз толтырулар мемлекеттік тілде жүргізілуі керек қой. Салық комитеттеріне және басқа мемлекеттік органдарға жөнелтіліп жатқан есеп-қисаптар тек қана орысша, банк тілі қазақшаға мүлде жолағысы келмейді, тіпті осы ұйымдардың бір нәрсеге жауап алғың келсе, қазақша сөйлегенің үшін өзіңе ұрсады. Тіпті Павлодар қаласында қазақша сөйлегені үшін бір қазақ әйелін супермаркеттен қуып шығыпты.

    Осы арада айтайын дегенім – тек латын қарпін енгізіп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердегі іс жүргізу жұмыстарын да латын қарпіне көшіру керек екендігі. Латын қарпін қолданатын тіл – қазақ тілі болса, мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған ол тілдің де проблемасы шешіле бастар еді.

    Біз шет тіліндегі сөздерді алдымен орыс тілі арқылы қабылдаймыз. Ал осындай жолмен енген жекелеген термин сөздердің, ономастикалық және топонимикалық атаулардың орыс тілі арқылы бұрмалауға түсіп келіп жатқандығы жайында жаппай ойланбаймыз.

    Кириллицамен жазылатын орыс тілі мұндай сөз ауысу жағдайында өзінше бір сүзгі сынды немес сәулені шағылыстырып барып өткізетін шыны призма іспеттес. Тілі келмегендіктен, басқа ұлттардың көптеген сөздерін орыстардың дәл сол қалпында қайталап айта алмайтынын да ескере бермейміз. Мысалы, көршілес Қытай Халық Республикасының астанасын осы күнге дейін Пекин деп жазып жүрміз. Оның қытай тілінде Бейжің деп дыбысталынын білсек те, сол әуелгі жаңсақтық жалғасын табуда. Сондай-ақ, Шанхай деген қала аты да сондай халде. Қытайша білетіндердің айтуына қарағанда ол «Шаңқай» деп жазылуы керек екен. Кәдімгі қазақтың «Шаңқай түс» деген тіркесіндегі «шаңқай». Орыс тілінде «Қ» мен «Ң-ның» жоқ екендігі белгілі.

    АҚШ-тың астанасын орысшалап «Вашингтон» деп жазамыз. Кириллица транскрипциясына салып айтқанда, ол шамамен «Уошынтон» деп жазылуы тиіс еді. Ағылшын, француз неміс және т.б. тілдерден енген термин сөздердің бұрмаланбағаны некен-саяқ көрінеді. Қазақ тіліне тән «Ұ», «Ғ», «Қ». «І», «Ә» дыбыстарының орыс тілінде жоқ екендігі белгілі. Криллицада олардың әріптік таңбалары да жоқ. Мұндай жағдайда орыс байғұс бұрмаламай қайтеді. Тілімізде ондай дыбыстар бола тұрып, біз сол теріс ықпалмен кетіп барамыз.

    Тіпті оны қойып, өзіміз «Кәріс» деп атап жүрген ұлттың шын аты «Хокусарам» екенін де білеміз бе? Тіліміздің ұшына үйіріле кететін – орыс тіліндегі «Кореец» деген сөз. Сөйтіп «Кәріс» сөзі тілімізге орыс тілі арқылы келіпті. Мұндай мысалдарды ары қарай тізе беруге болар еді.

    Бұрын бодан болған ұлттар тіл басқыншылығынан шешімталдықпен құтылып жатқан кезде біздің бүйтіп ана тілімізді де орысшаға тәуелді етуден бас тарта алмай отырғанымыз қалай?

    Орысшада жоқ қазақ дыбыстарының біразы жоғарыда айтылған ұлттардың тілдерінде бар. Егер латыншаға көшсек, сол тілдердегі сөздерді түпнұсқаға жақындатып жазатынымыз, жазып қана қоймай, сөйтіп айтатынымыз анық. Сонымен бірге қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктер оны орыс тілі арқылы емес, тікелей үйренсе, ұлтаралық интеграция күшейе түспей ме.

    Бұл арадағы жалғыз-ақ қиындық – осы уақытқа шейін шет тілдері мен қазақ тілін арасында делдал болып келе жатқан орыс тілінің рөлінің төмендеп қалатындығы. Ендеше латынға көшу тілдік тәуелсіздікті нығайтуға жасалған келесі қадам болмақ.

    Осы арада Ресей империясының өз мүддесі үшін қазақ сияқты аз халыққа жасайтын жан-жақты ықпалына көз жұма қарауға болмайды. Екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ жерін өз мемлекетінің заңды аумағы, отарлаушылыққа дейін де оны мекен етіп келе жатқан қазақтарды өзінің құлақкесті құлы ретінде санап келген империалистік психологияның инерциясы әлі де бәсеңдей қоймаған сыңайлы. Оған сол тараптан да, өз ішімізден де естіліп жататын әртүрлі тегеуірінді айбарлы үндер дәлел. Ресейдің осындай саясатын рақаттана қолдайтындар республика шегінде де баршылық және олардың қол қусырып қарап отырмағанын байқау қиын емес. Қазақтың отаршылдық пиғылдағы сыртқы және ішкі жауларының мақсаты жалғыз-ақ – қалай болған күнде де бұрын табандарының астында келе жатқан халықты одан әрі тұқырта беру, реті келсе, адам ретінде бас көтертпей, мүлде тұншықтырып тастау.

    Егер шынымен тәуелсіздікке ұмтылатын болсақ, қазақ деген ұлтты қалайда сақтап қалу керек болса, онда дербестікке сеп бола алатын ең кішкентай тетіктің өзін пайдалана беру керек. Әрине, ондай экстремизм мен сепаратизмнен аулақ, тек қана өркениет жолымен жүзеге асырылып отыратын тетік болса. Ал латын шрифтерін қолданысқа енгізу сондай тиімді тетіктердің бірі бола алар еді.

    Мәселені шешудің техникалық қиындығы – компьютердің 26 таңбасына қазақ тіліндегі 42 әріпті сыйғызамыз деген әңгіме. Ұсыныстар көп. Даудың біраз бөлігі – компьютерді тілге бағындырамыз ба, тілді компьютерге бағындырамыз ба дегенге саяды? Орынды дау.

    Меніңше, компьютерге бағыну керек. Орыс тіліне ғана тән «Э», «Ю», «Я», «Ц», «Ч», «Щ», «Ф» сияқты әріптерді жазу халықаралық деңгейде қалыптасқан. Ал қазақтың жоғарыдағы төл дыбыстарына сәйкес әріптерді қосарлап жазу арқылы таңбалауға болады. Бастапқыда бұл үрдіс ептеп қиындық туғызуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе, көз де, қол да үйренеді. Европалық кей ұлттар бір дыбысты үш таңбамен де беріп жүр ғой. Мәселен, немістің бір дыбысты «scһ» деп үш әріпті қосарлап беруі.

    Компьютерге жаңа таңбалар енгізудің бір қолайсыздығы – латын шрифтілеріне көзі үйренген адамның оларды дұрыс оқи алмауы болса, екіншісі – халықаралық электрондық байланысқа шыққанда, компьютерде жоқ таңбаның ашылмай қалатындығы.

    Латын қарпіне көшуге қарсылардың болатындығын сезіне отырып және ол қарсылардың басында Ресей державасы сияқты бізге бұрын үстемдік жүргізген алып елдің тұрғанын ескере отырып, латын әріптерін пайдалануды қолға алу керек. Мұндай ауқымды іс мәресіне жақындаған сайын, қарсыластардың неше түрлі құйтұрқылыққа баратынын, арандатулар да болатынын алдын ала ескеріп, не нәрсеге де дайын тұрған жөн-ау. Осы науқан барысында орыс тілділер халқымызды, бас көтерер азаматтарымызды әлі талай жамандап, ағаш атқа неше мінгізіп, неше түсіретіні сөзсіз.

    Бір мәселенің басы ашық. Қазақ өз жерінде жүріп, өз тілінің сақталып қалуы үшін күрескенде, басқа ұлт диаспораларына зиян тигізуді көздемейді, басқа елге барып өз тілінің өктем болуын қаламайды. Кез келген ұлттың өз жерінде өмір сүріп, халық ретінде сақталып қалуын ойлауы атам заманнан келе жатқан табиғи құбылыс. Мысалы, өз жері Ресейде орысша сөйлеп, барлық шаруасын орысша жүргізгені үшін орысты, бүкіл тірлігін өзбек тілінде құрағаны үшін өзбекті, монғолша сөйлеп, бүкіл іс қағаздары монғол тілінде болғаны үшін монғолды және т.б. ешкім де ұлтшыл деп айыптамайды.

    Кавказды мекен еткен халықтардың барлығы да тек өз тілдерінде ғана сөйлейді, жазады, қарым-қатынас жұмыстарын жүргізеді. Солай болуы табиғи құбылыс. Ал қазаққа келгенде... ол байғұс та басқа халықтар секілді өзінің ана тілінде жұмыс істегісі келсе... «Жоқ, болмайды» деп өре түрегелеміз. Алдымен Қазақстандағы орыстарға қысым жасалуда деп байбалам салып шыға келетін – орыс шовинистері, оған ілесе орыс тілді, өздерінің ұлты жоқ қазақтар. Сонда бұл не?

    Демек, өзі теңдес басқа ұлттардан қазақтың айырмашылығы – ұлт ретінде өз жерінде жүріп, құқығының шектелуі. Бұның өзі Қазақстан Конституциясын айтпағанда, бүкіл дүниежүзінің озық ойлы зиялылары ортақ мәмілеге келіп, қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бердей Декларациясының» ұстанымына да қайшы.

     

     

    Search